Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Сармат дәуірінен қалған жәдігерлер: зерттеулер жалғасып жатыр

 Баспасөз мәслихаты

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары біздің облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бес бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде, «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізу» бағыты бойынша, Темір ауданындағы қазба жұмыстары кезінде І Тасқопа қорымынан сармат көсемінің қабірі табылғаны жөнінде біз жазған едік.

Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталған институт ғалымдарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Сармат көсемінің қабірі І Тасқопа қорымындағы 1-қорғанды қазу барысында табылған.

Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, қабірдің бір бөлігі бұрынғы замандарда тоналған. Қабірден тұтас күйінде мәйіт табылмаған. Тек кейбір сүйектер ғана сақталған.

Дегенмен, ғалымдар сақталып қалған алтын бұйымдар арқылы мұнда жай адам емес, көсемнің жерленгенін білуге болатынын айтып отыр. Табылған жәдігерлерді мамандар аттың ер-тұрманы және алтын бұйымдармен әшекейленген киімге (мүмкін, бас киім) қатысты заттар деп болжайды. Әдетте, көшпенділер көсемдері алтын бұйымдармен әшекейленген салтанатты киіммен жерленетін болған. Алтын әшекейлердің бөлшектері сақталған топырақтың бөлігін мамандар 5,7 метр тереңдіктен тұтас күйінде алып шыққан. Осы топырақ қабатына рентген сәулесі, томография арқылы, т.б. көптеген зерттеулер жүргізіліп, нақты қорытындылар содан соң ғана айтылады. Сондай-ақ, сүйектің сақталып қалған бөліктеріне ДНК-лық зерттеу жасау, табылған заттардың бастапқы қалпын анықтау, қайта қалпына келтіру де жоспарланған.

Жиында Бауыржан Байтанаев Ә.Марғұлан атындағы Археология институты  ғалымдары біздің аймақтағы зерттеу жұмыстарын алдағы жылдары да жалғастыратынын және бұл зерттеулердің облыс әкімдігінің қолдауы арқылы іске асырылып жатқанын атап өтті.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button